Өзбекстанда Нөкіс оқиғасына байланысты үш полицей сотталды

Оларға «азаптау» бабы бойынша айып тағылған


08/08/2023
11:26 15911 0

Фото; Ашық дереккөзден

 

Өзбекстан жоғары сотының мәліметінше, Қаған қалалық қылмыстық істер бойынша соты өткен аптада Нөкіс оқиғасы кезінде адамдарды азаптады деп айыпталған екі полиция қызметкері жеті жылға, біреуі үш жылға сотталғанын. 

 

Үш полицей де өздеріне тағылған айыпты мойындамай, апелляциялық шағым түсірген. 

 

Бұған дейін Нөкіс оқиғасына байланысты Қарақалпақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық іздестіру бөлімінің бұрынғы бастығы, Қарақалпақстанның тұңғыш және жалғыз президенті Дәулетбай Шәмшетовтің ұлы Полат Шәмшетов алты жылға сотталған. Бірақ ол үкім шыққаннан кейін бес күн өткенде өзі отырған Бұхара түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, ол жүрек талмасынан көз жұмған. 

 

Қарақалпақ белсенділерінің сөзінше, Полат Шәмшетовтің қолында Өзбекстан құқық қорғау органдары Нөкістегі наразылықты басу кезінде қару қолданды ма, жоқ па деген сауалға жауап бере алатын құжат болған. Сол себепті де олар оның жүрек талмасынан қайтыс болғанына күмәнмен қарайды. 

 

2023 жылдың қаңтарында Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты 22 белсенді ұсталған. Олар «Конституциялық құрылымды төңкеріп, билікті басып алмақ болды» деген айыппен сотталған. Ең ауыр жаза «Ел қызметінде» газетінің журналисі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа кесілген. Ол 16 жылға сотталған. 

 

Биыл наурызда Нөкіс оқиғасына байланысты тағы да 39 белсенді сотталған. Он бірін сот залынан шартты жазамен босатқан. Қалған 28 адамға сот бес жылдан он бір жылға дейін үкім кескен. Кейбіріне кесілген жазаны маусымда жеңілдеткен. 

Нөкіс оқиғасы 2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстанның жаңа конституциясының жобасы жарияланғанда басталған. Жаңа конституцияда Қарақалпақстанды егемендігінен айыру көзделген. Нөкістегі қантөгістен кейін Өзбекстан парламенті Қарақалпақстанның егемендігін конституцияда қалдырған. 

Өзбекстан билігінің мәліметінше, Нөкіс оқиғасында 21 адам өлген. Тәуелсіз бақылаушылар жаппай наразылық кезінде 77 адам өлген деп санайды. 500-ден астам адам ұсталған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

08/08/2023 11:26
15911 0

Уведомление